Бұл күн Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің тарихына енетін оқиғалардың бірі болды. Университеттің Студенттер сарайында 2025 жылдың 8- шілдесінде «Құқықтану» факультетінің түлектеріне бакалавр дәрежесін алғандығын растайтын дипломдар салтанатты түрде табыс етілді. Залдағы мерекелік атмосфера бұл үлкен қуанышты тарихи оқиғаның маңыздылығы мен ерекше мәнін айшықтай түсті. Оған түлектердің ата-аналары мен көптеген қонақтар қатысты. Салтанатты күніміздің ерекше қонақтары Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы И. Е. Алькенов пен облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі А. У. Ильясов сынды тұлғалар болды. Түлектерді университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі С.З. Елюбаев шын жүректен құттықтап, үздік дипломдарын табыс етті. Сағынтай Зекенұлы өз құттықтау сөзінде «Құқықтану» мамандығының маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол біздің түлектердің әрдайым еңбекқорлығымен, жоғары білім деңгейімен, жауапкершілік және парыз сезімімен, сондай-ақ патриоттық рухымен ерекшеленетінін атап өтті. Осы қасиеттерінің арқасында түлектер үлкен мансаптық жетістіктерге жетіп, бәсекеге қабілетті маман бола алады деді. «Нағыз патриот болыңыздар! Өз Отандарыңызды шын жүректен сүйіңіздер! Ата-аналарыңызды құрметтеп, қадірлеңіздер! Университетпен байланысты үзбей, жетістіктеріңізбен бізді қуанта беріңіздер! Заңгер үнемі өз білімін жетілдіріп отыруы керек. Бұл жолда университет әрқашан сіздерді қолдауға дайын. Магистратурада оқуды жалғастыру мүмкіндіктеріңіз бар!» – деді ректор өзінің ақ жол айтқан тілегінде. Құттықтау және ізгі тілектерін білдіре отырып, түлектер мен олардың ата-аналарына университеттің бірінші проректоры Л.Ж. Каримова сөз сөйледі. Ол мақтанышпен атап өткендей, облысымыздағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 47 пайызы – біздің университеттің түлектері. Сондай-ақ, ол 2025 жылғы түлектер бұл жақсы дәстүрді жалғастырып, заң мен құқықтық тәртіптің сақшысы бола отырып, бізді өз жетістіктерімен қуантады деген сенім білдірді. Сонымен қатар, университеттің ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректордың орынбасары А.А. Бухаева, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі С.И. Каракушев және құқықтану факультетінің деканы М.К. Жуманалина түлектерге шынайы құттықтау мен ізгі тілектерін арнап сөз сөйледі. Бұл күні түлектер мен олардың ата-аналары университет басшылығына, оқытушыларына және кураторларына алғыс сөздерін айтты. Диплом табыстау сәті тек естелік суретте ғана емес, әрбір түлектің жүрегінде мәңгі сақталып қалды.








А. Мырзахметов атындағы КУ баспасөз орталығы
Экран оқу құралы
