174-бап. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қоздыру

Ескерту. 174-баптың тақырыбына 2020 жылғы 26 маусымдағы № 349-VI ҚР Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қасақана қоздыруға, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті не азаматтардың діни сезімдерін қорлауға бағытталған әрекеттер, сондай-ақ азаматтардың дінге, тектік, ұлттық, рулық немесе нәсілдік тиесілілігі белгісі бойынша олардың айрықшалығын, үстемдігін не кемдігін насихаттау, егер бұл әрекеттер жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалану арқылы, сондай-ақ әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткізгіштерін дайындау не тарату жолымен жасалса, –

екі мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген дәл сол әрекеттер адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы немесе бірнеше рет жасалса, не күш қолданумен немесе оны қолдану қатерімен ұштасса, сондай-ақ қызметтік жағдайын пайдалана отырып немесе қоғамдық бірлестіктің басшысы, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жасалса, –

үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық топпен жасалса не ауыр зардаптарға әкеп соқса, –

үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, он екі жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. 174-бапқа 2016 жылғы 26 шілдедегі № 12-VІ, 2020 жылғы 26 маусымдағы № 349-VI, 2023 жылғы 10 шілдедегі № 19-VIII және 2024 жылғы 19 маусымдағы № 94-VIII ҚР заңдарымен өзгерістер енгізілді.

 

180-бап. Сепаратистік қызмет

1. Қазақстан Республикасының унитарлығы мен тұтастығын, оның аумағының қол сұғылмаушылығы мен бөлінбеушілігін бұзуды не мемлекеттің ыдырауын насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты осындай мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату –

бір мыңнан бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып не қоғамдық бірлестіктің басшысы ретінде, не бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып, не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жасалған әрекеттер –

бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Қазақстан Республикасының унитарлығы мен тұтастығын, оның аумағының қол сұғылмаушылығы мен бөлінбеушілігін бұзу не мемлекеттің ыдырауына қол жеткізу мақсатында жасалған әрекеттер –

он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз жазаланады.


ECTS типі бойынша кредиттерді қайта есептеу тәртібі және академиялық оқу кезеңдерін өзара тану туралы ереже